Қазақстан және сирек жер металдары: жаңа мұнай ма?

19.11.2024

«Кім сирек кездесетін металдарға иелік етсе, сол әлемге иелік етеді» деген пікір бар. Ал Қазақстан әртүрлі бағалаулар бойынша сирек кездесетін элементтердің ең ірі қорларына ие елдердің қатарына кіреді. Бұл ақпарат қаншалықты шындыққа жанасады және сирек металдар еліміз үшін «жаңа мұнай» бола ала ма – осыны Tengrinews тілшісі зерттеп көрді.

Елдегі сирек металл кен орындарының саны

Индустрия және құрылыс министрлігінің мәліметінше, Қазақстанда қазіргі таңда сирек кездесетін металдардың 15 кен орны бар, олардың 11-і игерілуде. Оларға Меловое, Томак, Тайбогар, Тасмұрын, Құндыбай, Ақбұлақ, Жамшы, Мойынқұм, Инкай, Ақдала, Қанжұған, Мыңқұдық және Буденовское кен орындары жатады.

«Алайда, уран кен орындарында, олар негізгі қорлардың басым бөлігін құрайды, қосалқы компоненттерді өндіру әдетте жүргізілмейді, өйткені өңдеу технологиясы мен экономикасы негізгі компонентке тәуелді», – деп хабарлады министрлік Tengrinews.kz редакциясының ресми сұранысына жауап бере отырып.

Сирек металдарды кім өндіреді

Министрліктің мәліметінше, аталған кен орындарында «Kundybai Mining» АҚ, «Аралтұз» АҚ, «Катко» БК ЖШС, «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ, «Аппақ» ЖШС, «Қаратау» ЖШС, «Sareco» ЖШС сияқты компаниялар жұмыс жүргізіп жатыр.

Сонымен қатар, биыл сирек және сирек жер металдарына перспективалы 12 учаскеде мемлекеттік геологиялық зерттеу аясында іздеу жұмыстары жалғасуда.

«Жұмыстар 2022 жылы басталған, биыл 11 нысанды аяқтау жоспарланған, ал 2023 жылы басталған бір нысан 2025 жылы аяқталады. Нәтижелер туралы ақпарат осы жылдың соңында дайындалады. Сондай-ақ биыл Шығыс Қазақстандағы гранитоидтарды сирек және сирек жер металдарына болжамды бағалау, сондай-ақ Калба-Нарым аймағындағы литийге және сирек металл, сирек жер кені бар аумақтарды анықтау бойынша зерттеу жұмыстары басталды», – делінген министрлік ақпаратында.

2024–2028 жылдарға арналған сирек және сирек жер металдары саласын дамыту кешенді жоспары аясында Баянкөл, Арал және Каспий өңірлерінде минералданған тұз ерітінділерінде, көлдер мен сорларда литий іздеу әлеуетін талдау жоспарлануда.

Минералдық шикізатты кешенді қайта өңдеу ұлттық орталығының бас директоры, профессор, ҚР ҰҒА академигі Абдурасул Жарменов Қазақстандағы сирек металдар туралы кейбір мәліметтермен бөлісті.

«Бүгінде Қазақстанда сирек кездесетін элементтер өндірісі жоқ. Бір кезде болған: Өскеменде Ертіс химия-металлургия зауыты жұмыс істеген, ол кеңес кезінде құпия нысан болды, онда осы 14 элемент бір-бірінен бөлінетін. Бұл өте күрделі өндіріс еді, ал басқа сирек металл өндірістері болған жоқ. Қазір бұл зауыттар жұмыс істемейді, жабылған», – деді Жарменов.

«Ол зауытқа бастапқы шикізат Ресейден – Кольск түбегінен әкелінетін. Онда фосфоритті кендерді өңдеу барысында сирек жер элементтерінің концентраты алынатын да, Қазақстанға жіберілетін. Бүгінде Ресей жібермейтіндіктен, елімізде сирек элементтер өндірісі жүрмей тұр. Кен бар, бірақ игерілмейді», – деп түсіндірді ұлттық орталықтың бас директоры.

Сирек металдарға бай өңірлер

«Қостанай және Қызылорда облыстары. Жамбылды әзірге атамаймын, себебі ол жерлердің қоры кедей. Ал алғашқы екі облысты өндірістік аймақ ретінде санауға болады. Әсіресе Қызылорда облысы дайын, себебі қажетті өндірістік қуаттар бар», – деді академик.

Сирек металдарды өндіру құны

«Металлургия – бұл капиталды көп қажет ететін сала. 20–30 миллион инвестиция жеткіліксіз. 100 миллионнан 1 миллиард долларға дейінгі қаражат қажет. Бірақ сирек металдарға ғана емес, кез келген металлургиялық жобаға осынша қаржы керек. Дегенмен, біздің рудалар жер бетіне жақын жатқандықтан, ашық әдіспен өндіруге болады, сондықтан шығын аз», – деді Жарменов.

Болашақ және шектеулер

«Біз ешқашан сирек жер металдарының ең ірі жеткізушісі болмаймыз. Қоры аз, әрі сапасы төмен. Бірақ жаңа технология арқылы бәсекеге қабілетті болуға мүмкіндік бар», – деп мәлімдеді ол.

«Бұл бағыт Қазақстан экономикасына айтарлықтай үлес қоса алады. Әлемдік ауқымда ірі ойыншы болмасақ та, өз орнымызды табамыз», – деді академик.

Шетелдік инвесторлар мен ұлттық мүдде

«Ең алдымен, концентратты шетелге шығаруға тыйым салу керек. Егер инвесторлармен келісімде дайын өнімнің бесінші және алтыншы сатыларын Қазақстанда жасасақ, бұл экономиканы қорғаудың ең тиімді жолы», – деп атап өтті Жарменов.

Геолог мамандығының болашағы

«Бүгін біз 50–60-жылдардағы геологтардың еңбегін пайдаланамыз. Қазір геологтарға дала кезудің қажеті жоқ – ғарыштық қашықтан зондтау және басқа да әдістер бар. Сондықтан мамандық жаңа сипатқа ие болуда», – деді ол.

Уранға сұраныс

«Сирек металдардан айырмашылығы, уран қоры елімізде бай. Қазақстан уран қоры бойынша әлемде екінші орында. Қажет болса, өндірісті арттыруға мүмкіндік бар», – деді академик.

«Қазір уран сату мәселесі жоқ. Негізінен, уран атом электр станциялары бар елдерге қажет, ондай елдер аз емес», – деп түйіндеді ҚР ҰҒА академигі.

Азамат Сыздықбаев

Дереккөз: tengrinews.kz

Басқа жаңалықтар

Бердикулова Феруза Асановнаның мерейтойы

Бердикулова Феруза Асановнаның мерейтойы

ВНИИцветмет Грузияның ірі тау-кен компаниясы — RMG Copper-мен ғылыми ынтымақтастықты нығайтуда

ВНИИцветмет Грузияның ірі тау-кен компаниясы — RMG Copper-мен ғылыми ынтымақтастықты нығайтуда

Сайлаубай Байсановтың 75 жылдық мерейтойына арналған МЕРЕЙТОЙЛЫҚ ОЧЕРК

Сайлаубай Байсановтың 75 жылдық мерейтойына арналған МЕРЕЙТОЙЛЫҚ ОЧЕРК

Sustainable Industrial Processing Summit 2025: ғылым мен технологияның симбиозына негізделген тұрақты даму

Филиппиннің Себу қаласында «Sustainability through Science and Technology / Sustainable Industrial Processing Summit (SIPS 2025)» атты тұрақты даму мәселелеріне арналған жыл сайынғы Саммит өткізілді.

Қазақстандық ғалымдар өз кендерінен ванадий электролитін алу технологиясын әзірледі

Қазақстандық ғалымдар өз кендерінен ванадий электролитін алу технологиясын әзірледі

Егер сіз сыбайлас жемқорлыққа тап болсаңыз,
көрсетілген нөмірге қоңырау шалыңыз