Технологиялар кешені құрылды

17.07.2017

2017 жылы Әл-Фараби атындағы ғылым мен техника саласындағы Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлығына ұсынуға Қазақстан Ұлттық жаратылыстану ғылымдары академиясының президенті Нұртай Әбіқаев бастаған ғалымдар ұжымы ұсынылды.

Ғалымдар жоғары сапалы және арнайы болат түрлерін өндірудің технологиялық негіздерін әзірледі. Әңгіме «тот баспайтын» және электротехникалық мақсаттағы жоғары беріктік маркалы болат туралы болып отыр, олардың шикізаты ретінде фосфоры көп кедей рудалар, қоңыр теміртастар және кондициялық темірқұрамды концентратқа дейін жеткізілген техногендік қалдықтар пайдаланылды.

Алматыда өткен «Қазақстан машина жасау саласының шикізаттық қамтамасыз етілуі» тақырыбындағы «дөңгелек үстел» отырысында Қазақстан Республикасының Минералды шикізатты кешенді қайта өңдеу ұлттық орталығының Бас директоры, ҚР ҰҒА академигі Абдурасул Жәрменов атап өткендей, ұсынылған технологиялар кешені «баланстан тыс» рудалардың орасан зор көлемін металлургиялық өңдеуге тартуға мүмкіндік береді. Олардың ішінде 400 млрд тонна қоңыр теміртас бар, соның ішінде 12 млрд тонна – «Лисаковское», «Аятское», «Көкбұлақ» кен орындары, 450 млн тонна тотығылған никель рудалары (Ақтөбе тобының кен орындары), сондай-ақ жыл сайын жиналатын 700 мың тонна техногендік темірқұрамды қалдықтар мен металлургиялық өндірістердің отқа төзімді шлактары кіреді.

Академиктің айтуынша, ғылыми жұмыстың басты артықшылығы (толық атауы – «Бәсекеге қабілетті болат өндірудің өсуін қамтамасыз ететін төмен сапалы (фосфоры көп қоңыр теміртас) және техногендік шикізатты қайта өңдеу бойынша әлемдік деңгейдегі технологияларды әзірлеу және коммерцияландыру») – Қазақстанға өз болат өндірісін дамыту үшін технологиялық негіз қалыптастыруында. Бұл импортқа тәуелділікті азайтып, отандық машина жасау саласының бәсекеге қабілеттілігін арттыруға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар, Абдурасул Жәрменовтың айтуынша, жоғары температуралы металлургиялық тораптар мен агрегаттарға арналған жаңа буындағы отқа төзімді материалдар мен AISI стандарттарына сай ыстыққа төзімді және тот баспайтын болат маркаларын шығару үшін өз шикізат базасы болуы – өнеркәсіптің табысты дамуының басты шарты.

Мысалы, отандық шикізатсыз тот баспайтын болат өндірісін жолға қою мүмкін емес. Қазақстандық ғалымдар түрлі қалдықтардан хромды шойын қоспасын жасап шығарды, ол «тот баспайтын болат» өндіруге арналған шикізат бола алады – бұл материал арзанырақ және құрамының тұрақтылығы жоғары.

Бұл технологияны «АрселорМиттал Теміртау» АҚ кәсіпорнында енгізу Қазақстанға өз болатынан үлкен диаметрлі болат құбырларын өндіруге мүмкіндік береді. Сондай-ақ ғалымдар фосфорсыз сапалы темір руда концентратын импортталатын шикізатқа қарағанда төмен өзіндік құнмен алу технологиясын әзірледі.

– Яғни, қазақстандық мамандар ондаған жылдар бойы мемлекет алдында тұрған аса маңызды міндеттерді шешті, – деп атап өтті Абдурасул Жәрменов.

«Дөңгелек үстелге» қатысқан Нұртай Әбіқаев та Қазақстан өзінің дамуында Үшінші жаңғыру кезеңіне сенімді түрде қадам басқанын атап өтті.

– Машина жасау кез келген индустриялық дамыған елдің экономикасындағы ең маңызды салалардың бірі болып табылады. Тәуелсіздік жылдары республикадағы осы саланың өндіріс көлемі 17 есеге артты, – деді ҚазҰЖҒА басшысы. – Алайда бұл процесті тежейтін бірқатар мәселелер бар. Біріншіден, ел әлі де жоғары қайта өңделген өнім импортына тәуелді. Екіншіден, машина жасау саласының даму деңгейі негізінен базалық өнеркәсіп салаларының – металлургия, химия, сондай-ақ шикізат пен энергия базасының жағдайына байланысты.

Қазақстандық ғалымдар жоғары сапалы болатты отандық деңгейде өндіруді бастауға мүмкіндік беретін әлемдік деңгейдегі технологиялар кешенін жасады, бұл машина жасау, автомобиль және мұнай-газ қызметі кәсіпорындарының бәсекеге қабілеттілігін айтарлықтай арттырады.

«Қазақстанская правда» газеті, №134 (28513), 2017 жылғы 17 шілде.

Басқа жаңалықтар

Бердикулова Феруза Асановнаның мерейтойы

Бердикулова Феруза Асановнаның мерейтойы

ВНИИцветмет Грузияның ірі тау-кен компаниясы — RMG Copper-мен ғылыми ынтымақтастықты нығайтуда

ВНИИцветмет Грузияның ірі тау-кен компаниясы — RMG Copper-мен ғылыми ынтымақтастықты нығайтуда

Сайлаубай Байсановтың 75 жылдық мерейтойына арналған МЕРЕЙТОЙЛЫҚ ОЧЕРК

Сайлаубай Байсановтың 75 жылдық мерейтойына арналған МЕРЕЙТОЙЛЫҚ ОЧЕРК

Sustainable Industrial Processing Summit 2025: ғылым мен технологияның симбиозына негізделген тұрақты даму

Филиппиннің Себу қаласында «Sustainability through Science and Technology / Sustainable Industrial Processing Summit (SIPS 2025)» атты тұрақты даму мәселелеріне арналған жыл сайынғы Саммит өткізілді.

Қазақстандық ғалымдар өз кендерінен ванадий электролитін алу технологиясын әзірледі

Қазақстандық ғалымдар өз кендерінен ванадий электролитін алу технологиясын әзірледі

Егер сіз сыбайлас жемқорлыққа тап болсаңыз,
көрсетілген нөмірге қоңырау шалыңыз