Мемлекет басшысы айқындаған және үдемелі индустриялық-инновациялық дамудың мемлекеттік бағдарламасында көрініс тапқан тау-кен-металлургия кешенін қазіргі заманғы дамытудың негізгі мақсаты – өндірісті стратегиялық қайта жарақтандыруға бағытталған саланы жаңғырту, оны дамытудың ғылыми-технологиялық және техникалық қамтамасыз етілуі болып табылады.
ҚР минералдық шикізатын кешенді өңдеу жөніндегі ұлттық орталық қызметінің басым бағыттары технологияларды әзірлеу, енгізу, трансферттеу және инновациялық өндірістерді құру болып табылады. Бүгінгі таңда Ұлттық орталық жетекші тау-кен және металлургия саласындағы ғылыми-зерттеу институттары мен кәсіпорындарымен (Д.Қонаев атындағы тау-кен институты, Ж.Әбішев атындағы химия-металлургия институты, түсті металдардың шығыс ғылыми-зерттеу тау-кен металлургия институты, «Қазмеханобр» өнеркәсіптік экологияның мемлекеттік ғылыми-өндірістік бірлестігі, «Қазчерметавтоматика» АҚ) бірлесіп жұмыс істейтін Қазақстанның ірі ғылыми-өндірістік кәсіпорны болып табылады. Кадрлық құрамы 1300 адамнан асады.
Ұлттық орталық инновациялық жобаларды әзірлеу және олардың негізінде жаңа өнімдер — тұрақты осмий изотопы, йод және олардың қосылыстары, кешенді қорытпалардың жаңа түрлері, көміртекті тотықсыздандырғыштар және басқа да материалдар шығару бойынша шағын және орта өндірістер құру арқылы инновациялық қызметті іске асыруға алғашқылардың бірі болып бағыт алды.
Орталық қара, түсті, сирек және асыл металдардың пайдалы қазбалар кен орындарын игеру және өндіру, кенді емес және химиялық шикізатты пайдалану, табиғи ресурстарды ұтымды өндіру және тиімді байыту, шикізат материалдарын жоғары дайын өнімге дейін кешенді химиялық-металлургиялық өңдеу саласында іргелі және қолданбалы зерттеулер жүргізеді. Сонымен қатар, тау-кен металлургия кешенінің техногендік жүктемесін азайту, тәжірибелік-конструкторлық жұмыстар жүргізу арқылы саланың жетекші кәсіпорындарын дамыту үшін ғылыми-техникалық база құрумен айналысады.
Біздің ғалымдар тау-кен металлургиялық бейіндегі отандық және шетелдік кәсіпорындармен белсенді ынтымақтасады. Орталықтың ғылыми әзірлемелері «Бақыршық тау-кен өндіру кәсіпорны» ЖШС, «Қазхром» ТҰК АҚ, «Қазмырыш» ЖШС, «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС, «Алел» ФИК АҚ, «Сары Қазына» ЖШС, ENRC, «Қостанай минералдары» АҚ, «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК, «Васильковский КБК» АҚ, «Өркен» ЖШС, «Тау-кен компаниясы» ЖШС, «АрселорМиттал Теміртау» АҚ, «NOVA-мырыш» ЖШС және басқа да кәсіпорындарда енгізілді. Сонымен қатар, орталық ғалымдары мен еншілес кәсіпорындардың технологиялары бойынша елімізде және шетелде түрлі өнеркәсіптік нысандар салынып жатыр.
Көптеген жылдар бойы әлемге танымал болған ең маңызды әзірлемелердің бірі — құрамында қорғасын бар шикізатты қайта өңдеу технологиясы. Бұл технология бойынша Боливия, Италия және Канадада зауыттар салынып, табысты жұмыс істеуде. Соңғы жылдары күрделі құрамдағы материалдарды (қорғасын-күміс, қорғасын-мыс-мырыш концентраттары мен тотыққан шикізат) қайта өңдеу технологиясы әзірленді. Шетелдегі тәжірибесі оны Қазақстанда да экологиялық таза және тиімді қайта өңдеуге мүмкіндік береді.
Біздің технологиялар бойынша Өзбекстан мен Қазақстанда мырыш зауыттары салынды, Ресейде жаңа мырыш зауыты іске қосылуда, ал Қытайда, Ресейде, Қырғызстанда және Өзбекстанда алтын өндіру зауыттары салынып жатыр.
Ұлттық орталықтың инновациялық қызметін тұрақты түрде дамытуының және халықаралық деңгейде танылуының көрсеткіші — болатты тотықсыздандыру және легирлеу үшін «Қазақстан» қорытпасын жасау. Бұл өнертабысқа Қазақстан, Украина, Ресей, Қырғызстан және Еуропалық Одақ елдерінің патенттері берілді. Сондай-ақ, Thyssenkrupp Metallurgie GmbH компаниясына патент беру арқылы технология трансферті іске асырылды.
Ауыл шаруашылығы қалдықтарынан — күріш қабығынан жоғары тазалықтағы кремний алу технологиясы әзірленіп жатыр. Күн фотоэлектрлік түрлендіргіштерді өндіру үшін 99,99% тазалықтағы күн сапасындағы кремнийге сұраныстың артуына байланысты арзан шикізат көздерін және өзіндік құны төмен технологияларды іздеу жүргізілуде.
Қазіргі уақытта коммерцияландыруға дайын әзірлемелердің бірі — хризотиласбест өндірісінің қалдықтарын өңдеу арқылы тауарлық магний өнімдерін алу. Бірқатар технологиялық процестерді дәйекті орындау арқылы магний сульфатын, магний оксидін және металл магнийін алу технологиясы әзірленді. Бұл өнімдер ауыл шаруашылығында, резеңке өнеркәсібінде, металлургияда және автомобиль өндірісінде қолданылады.
Біздің ғалымдар өздігінен таралатын жоғары температуралы синтез технологиясы негізінде отқа төзімді жаңа буындағы материалдарды жергілікті шикізаттан әзірледі. Бұл материалдар шетелдік өнімдерден кем түспейді, кей көрсеткіштер бойынша олардан асып түседі. Осы технология негізінде өндіріс құру арқылы металлургиялық зауыттарды жоғары сапалы және арзан отқа төзімді материалдармен қамтамасыз етуге болады.
Ұлттық орталық ғалымдарының еңбектеріне жасалған шолу кәсіпорынның жоғары әлеуетін айқын көрсетеді. Біз өз жетістіктеріміз арқылы Қазақстан экономикасының дамуына үлес қосып, Ел Президентінің қойған міндеттерін орындауға барлық күшімізді саламыз.
Абдурасул ЖАРМЕНОВ,
ҚР Минералдық шикізатты кешенді өңдеу жөніндегі ұлттық орталықтың Бас директоры
Дереккөз: www.kazpravda.kz
Басқа жаңалықтар
Бердикулова Феруза Асановнаның мерейтойы
ВНИИцветмет Грузияның ірі тау-кен компаниясы — RMG Copper-мен ғылыми ынтымақтастықты нығайтуда
Сайлаубай Байсановтың 75 жылдық мерейтойына арналған МЕРЕЙТОЙЛЫҚ ОЧЕРК
Филиппиннің Себу қаласында «Sustainability through Science and Technology / Sustainable Industrial Processing Summit (SIPS 2025)» атты тұрақты даму мәселелеріне арналған жыл сайынғы Саммит өткізілді.
Қазақстандық ғалымдар өз кендерінен ванадий электролитін алу технологиясын әзірледі